Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Астана күні 19 немере сүйіп отырған отбасы гаухар тойын атап өтті

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында тұратын Жұмағұл Бейсембаев пен Кәміш Қайырова – 7 ұл-қыздан 19 немере, 6 шөбере сүйіп отырған бақытты ата, әже.

Астана күні 19 немере сүйіп отырған отбасы гаухар тойын атап өтті

Қос қария Астана күні үлкен әулеттің ортасында гаухар тойларын атап өтті. Осыдан тұп-тура 60 жыл бұрын отау құрып, содан бері бір шаңырақ астында түтін түтетіп келеді. Екеуі де - педагог. Бірі химик, екіншісі математик мамандығын таңдап алған. Саналы ғұмырларын еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуге арнаған олардың өмірінде тағылымды, өнегелі ғибраттар мол.

Бұл әулеттің білім саласындағы жұмыс өтілі бір ғасырдан асады. Үйдің тұңғышы Ләззат Жалмұқанова 30 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарады. Қазіргі таңда ол №17 ұлттық өркендеу мектеп кешеніне жетекшілік етеді. Үлкен ұлы Дәуренбек наркологиялық орталықтың бас дәрігері.

«Кемпірім екеуміз  мұғалімнің  азғантай табысын қанағат етіп, балалардың бәріне жоғары білім әпердік. Бәйбішемнің киімді өзі тігетін өнері бар. Ешкімнен кем қалған жоқпыз. Адал еңбек еттік. Бүгінгідей азат күнге жеткенімізге шүкіршілік етеміз. Еліміз, Елбасымыз аман болсын. Біздің отбасы құруымыздың Астана күнімен орайлас келуін  маңдайымызға жазылған бақыт деп білеміз», дейді отағасы, «Қазақтан Республикасы білім беру  ісінің үздігі» Жұмағұл Бейсембаев.

84 жастағы ақсақал бес уақыт намазын қаза қылған емес. Араб тілін меңгеріп, Құран сүрелерін жатқа оқиды. «Алтын алқа» иегері Кәміш апа әлі күнге дейін үй шаруасына араласады. Ас үйдегі сүйікті істерінің бірі – немере, шөбелеріне бәліш пісіру.

Бір айта кетерлігі, Бейсембаевтар әулеті 2015 жылы өткен облыстық "Мерейлі отбасы" байқауына қатысып, жеңімпаз атанған. 

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.